Көлік қағып кетсе, не істеуім керек?

masa жаяу жүргіншілерге арнап нұсқаулық дайындады


17/11/2020
11:56 10130 0


 

Мәтінді дайындауға көмектескені үшін Akhmejanov & Partners Law Firm басқарушы серіктесі, заңгер Фарух Ахметжановқа алғыс айтамыз

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2020 жылдың басынан бері Қазақстанда 9 656 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелген. Оның 3 418-і (35 %) оқиға жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. 

Жол-көлік оқиғасы күн сайын болғанымен, бұл жағдайда не істеу керегін көбі біле бермейді. Заңгер Фарух Ахметжановпен бірге жол-көлік оқиғасы болса, қайтпек керек, кінәліден өтемақы талап ету және байқаусызда заң бұзбаудың жолын қарастырамыз. 

 

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРЫҢЫЗ

Сізді қаққан көлік айдаушыны жауапқа тарту үшін денсаулығыңызға қандай зақым келгені көрсетілген медқорытынды керек. Заңгердің айтуынша ауыр жарақаттындыңыз ба, жоқ па, бұған қарамастан жедел жәрдем шақыру қажет. Ол үшін 103 нөміріне хабарласыңыз. Қоңырау шалу тегін.

— Көлік айдаушы дәрігер келгенге дейін жаяу жүргіншіге барынша көмектесіп, жедел жәрдем шақыруға міндетті. Ал оны дәрігерлерге дереу жеткізу керек болса, жолшыбай келе жатқан көлікке отырғызып немесе өз көлігімен (егер бұл мүмкін болса) емдеу мекемесіне апаруы керек, — дейді заңгер.

 

ПОЛИЦИЯ ШАҚЫРЫҢЫЗ

102 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз. Қатты жарақаттанып, полицияны күте алмауыңыз мүмкін. Қамықпаңыз, қызметкерлер сізден жауапты ауруханада алады.

Жол-көлік оқиғасы туралы полицияға хабарламау заң бұзған болған есептеледі. Көлік жүргізушісі жол апаты болғанын хабарламаса, оған Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің (ӘҚБтК) 611-бабы бойынша 5 АЕК (13 890 теңге, 2020 жылы 1 АЕК = 2 778)  айыппұл салынады. 

Жаяу жүргіншіге ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша ЖҚЕ талаптарын орындамағаны үшін 2 АЕК (5 556 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

 

КУӘГЕРЛЕРДІҢ ТЕЛЕФОН НӨМІРІН ЖАЗЫП АЛЫҢЫЗ

Куәгерлер болса, олардың байланыс нөмірін жазып алыңыз. Олар қажет болуы мүмкін. Мысалы, жүргізуші апатқа кінәлі екенін мойындамауы немесе екеуіңіздің сөзіңіз қарама-қайшы болуы мүмкін. 

Куәгерлердің нөмірін жазып алсаңыз, бұл жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен жағдайда көмектеседі: куәгер көліктің маркасын/нөмірін есте сақтап не көлігінің бейнебақылау камерасы кінәліні түсіріп алуы мүмкін.

Жаяу жүргінші қатты жарақаттанып, куәлік ете алмаса немесе қайтыс болса, куәгерлердің сөзі апаттың қалай болғанын түсінуге көмектеседі. Куәгерлер әдетте кім кінәлі, кім зардап шегуші екеніне қызықайды, тиісінше бар көргенін бұрмаламай айтып береді. 

 

ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ БАР ЖАҒДАЙДЫ АЙТЫП БЕРІҢІЗ 

Жол-патрульдік полициясына не болғанын мейлінше егжей-тегжейлі айтып беріңіз. 

Полициядан апат туралы анықтаманы және оқиға болған жерді тексеру хаттамасының көшірмесін сұраңыз. Сіз өзіңізге қатысты кез келген іс жүргізу құжаттарының көшірмесін алуға құқылысыз.

 

ЖҮРГІЗУШІДЕН МАТЕРИАЛДЫҚ ШЫҒЫНДЫ  ӨТЕУІН ТАЛАП ЕТІҢІЗ

Заңгер Фарух Ахмеджанов:  

Материалдық шығынды өтеу — зардап шегушінің емі мен дәрі-дәрмек құнын, жұмысқа уақытша шыға алмай, айырылып қалған табыс мөлшерін ақшалай өтеу.

Өтемақыны (материалдық шығынды) жүргізушінің сақтандыру компаниясы төлейді. 

Бұл сақтандыру міндетті және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру деп аталады. Ол жүргізушінің кінәсінен болған ЖКО-дан зардап шеккен үшінші тұлғаларға материалдық залалдың төленетіне кепілдік береді. 

Шығынды өтеуде мынадай ерекшелік бар: сақтандыру компаниясы төлейтін сомалар заң бойынша шектелген: 

 

              • Жаяу жүргіншінің денсаулығына зақым келсе, бірақ мүгедек  болып қалмаса — өтемақының сомасы 300 АЕК-тен аспайды (833 400 теңге);
              • ЖКО салдарынан I топтағы мүгедек болып қалса — 1 600 АЕК-тен көп емес (4 444 800 теңге);
              • II топ — 1 200 АЕК (3 333 600 теңге);
              • III топ — 500 АЕК (1 389 000 теңге);
              • ЖКО нәтижесінде бала мүгедек болып қалса — 1 мың АЕК (2 778 000 теңге);
              • Жаяу жүргінші қайтыс болса  — 2 мыңАЕК (5 556 000 теңге);
              • Зардап шеккен адамның мүлкіне зиян келтірілсе — 600 АЕК-тен көп емес (1 666 800 теңге).

Көбіне залал мөлшері заңда көрсетілген шектен асып түседі. Айырмасын жаяу жүргінші кінәліден азаматтық сотта өндіріп ала алады.

МОРАЛЬДЫҚ ЗИЯНДЫ  ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕУ ЖӘНЕ ӨТЕУ КЕРЕК?

Келтірілген моральдық зиянды автокөлік иесі өтеуге тиіс. Жүргізуші өтемақы төлеуден бас тартса, сотқа шағымданыңыз.

Моральдық өтемақы жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төнгенде төленеді. Жүргізуші апатқа кінәлі болсын, болмасын, моральдық зиян өтелуі керек.  

Жаяу жүргінші моральдық зиян көргенін дәлелдеу үшін мына құжаттарды беруі керек:

 

              • Жол көлік оқиғасын тіркеген құжаттар;
              • Іс жүргізу құжаттары (хаттама, әкімшілік құқық бұзғаны туралы іс бойынша қаулы, қылмыстық іс қозғалса, сот үкімі, істі тоқтату туралы қаулы);
              • Жәбірленген адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды растайтын құжаттар: медұйымнан еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі туралы анықтама; мүгедек болып қалса — оны растайтын анықтама; қаза тапса — қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариус куәландырған көшірмесі. 

Моральдық зиян мөлшерін сот сараптап, анықтайды. 2015 жылы Атырау облыстық сотының мәліментінше, Қазақстанда өндірілген моральдық зиянның орташа мөлшері:

 

              • Денсаулыққа орташа зиян келтірілсе — 100-ден 300 мың теңгеге дейін (кейде — 500-600 мың теңге);
              • Денсаулыққа үлкен зиян келтірілсе — 300-ден 800 мың теңгеге дейін (кейбір жағдайда — 1–1,5 миллион теңге);
              • Қайтыс болған жағдайда — 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін (кейбір жағдайда — 1,5–2 миллион теңге).

— Одан бері бес жылға жуық уақыт өткенін ескерсек, қазір өтемақының орташа мөлшері жоғары болуы мүмкін. Бұл — орташа өтемақы екенін ұмытпаңыз. Жол көлік апатынан адам қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге өтемақы төленген кездер болды. Өтемақы мөлшері көбіне жеке тұлғаға (жасына және т.б.), зардап шеккен адамның апат кезіндегі  жүріс-тұрысына байланысты. Мысалы, ол мас болса, бұл өтемақының мөлшерін азайтады, — дейді заңгер.  

 

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ ЖОЛДЫ ТИІСТІ ЕМЕС ЖЕРДЕН КЕСІП ӨТСЕ

Бұл жағдайда жаяу жүргінші жарақат алса, жауапкершілік көлік жүргізушіге жүктеледі. Жол ережесін бұзған жаяу жүргінші екеніне қарамастан, жүргізуші азаматтық жауаптан құтыла алмайды. Заңға сәйкес көлік айналасына үлкен қауіп төндіруші саналады. 

Азаматтық кодекстің 931-бабы бойынша автомобиль иесі кінәсіз болса да, өтемақы төлеуге міндетті.

Көлік иесі деген — сол көліктің заңды иесі: меншік иесі, жалға алушы, сенімхат бойынша жүргізуші.

Дегенмен жол көлік оқиғасында жаяу жүргінші жауаптан құтыла алмайды. Егер ол өзi абайламай апаттың болуына немесе өршуіне себепкер болса, оған төленетін өтемақы мөлшерi азаюға тиiс.

Басқаша айтар болсақ, көлік жүргізушісі жаяу жүргіншінің кінәсін дәлелдесе, моральдық өтемақының мөлшері азаяды. 

 

ЖҮРГІЗУШІНІҢ ЖАУАПКЕРЛІШІГІ

Жауапкершіліктің түрі зардаптың ауырлығына байланысты. Денсаулыққа аса үлкен зиян келтірілмесе, кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылады. Егер зиян ауыр, орташа болса не адам қайтыс болса — қылмыстық іс қозғалады.

Ал жүргізуші кінәлі болмаса, жол қозғалысы ережелерін бұзбаса, алайда жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына зиян келсе, онда ол тек азаматтық жауапқа тартылады, яғни зардап шегушіге материалдық және моральдық зиянды өтейді.

Жүргізуші жол ережесін бұзбаған болса, яғни ол толықтай кінәсіз болса әкімшілік немесе қылмыстық жауаптан құтыла алады.

Бірақ жүргізушінің және жаяу жүргіншінің іс-әрекетін бағалай отырып, апаттың себептері мен механизмін белгілейтін ұзақ және күрделі тергеу процесінен өтуге тура келеді. Әдетте сот-медициналық, автотехникалық, мерчендайзиңдік, трасологиялық сараптамалар жүргізіледі. 

— Әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалғанда жүргізуші соқтығысудың алдын алар ма еді, осыған да назар аударылады. Тәжірибеге сүйенсек, істің нәтижесіне жаяу жүргіншіге келтірілген зиянның ауырлығы мен қоғам назары көп әсер етеді, — дейді заңгер.

Сонымен бірге іс барысында жүргізуші Жол қозғалысы ережесінің 10-1-тармағында көрсетілген ұсыныстарды орындау арқылы апаттың алдын алар ма еді, сол ескеріледі:


«Қозғалысқа кедергi және (немесе) қауiп туарын жүргізуші анықтай алса, ол жылдамдықты бәсеңдетуге, тіпті көлігін тоқтатуға немесе айналасына қауiп төндiрмей, кедергiнi айналып өтуге тиiс».

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

17/11/2020 11:56
10130 0

Уведомление